Кен қазу
From Wikipedia, the free encyclopedia
From Wikipedia, the free encyclopedia
Кен қазу– жер қыртысында бос жыныстардың арасында жатқан қатты, сұйық не газ тәрізді пайдалы қазындыларды барынша таза күйінде жер бетіне шығару. Кен қазу кенді қазып алу мен оларды үңгубеттен тысқары тасып, жер бетіне шығару жұмыстарынан тұрады. Қатты кендер ашық әдіспен (карьер, кенжарма) және жер асты әдісімен өндіріледі. Қалың қабатты әрі жер бетіне таяу жатқан кендер ашық әдіспен, ал кен қабаты тереңде жатса әрі жұқа болса жер асты (шахта) әдісімен өндіріледі. Ашық әдіспен кен қазу тәсілі тиімді, өйткені мұнда ауа тазарту, қазбаларды бекіту сияқты қосалқы жұмыстар жоқ, оған қоса жер үстінде бұрғылау, кентас тиеу, оны тасу жұмыстары үшін үлкен машиналарды пайдалануға болады. Жер асты әдісінде ең алдымен шахта оқпаны жүргізіледі де, одан әрі тау-кен қазбалары тармақтанып, кенді бірнеше бөліктерге бөледі. Соңынан осы қазбалар арқылы қазылып алынған кен жер үстіне шығарылады. Жер астындағы сұйық (мыс., мұнай) және газ тәріздес пайдалы кендер ұңғыма бұрғылау арқылы алынады. 20 ғ-дың 60-жылдарынан бастап кейбір асыл металдар (алтын, асыл тастар, минералдар, қалайы, т.б.) теңіз түбінен де алынып келеді.
Кен қазу жұмыстары – белгілі әдістерді (карьер, шахта) және жүйелерді қолданып, әр түрлі машина-механизмдер көмегімен кен қазып шығару жұмыстарының жиынтығы. Қатты кен қазу жұмыстары кенді бұрғылау, жарғыш заттармен қопарып ұсақтау, көлікке жеткізу, тиеу және пайдаланатын орындарға апару процестерінен тұрады. Жұмсақ кенді қазып алғанда бұрғылау, қопару жұмыстары жүргізілмейді, кен тікелей арнаулы машинамен (экскаватор, комбайн, гидромонитор, скрепер, бульдозер, т.б.) қазылып алынып көлікке тиеледі. Карьерде кен қазу жұмыстары, көбінесе, экскаватормен қалыңд. 10 – 15 м-лік қабаттарда жүргізіледі. Қабаттың ені үңгубетпен шектелген, ұзындығы 100 – 500 м бөлігі блок деп аталады. Бір экскаватордың жұмыс алабында 2 – 3 блок болады. Бұлардың бірінде ұсақталған кентасты экскаватор көлікке тиеп жатса, қалған блоктарда дайындық жұмыстары (бұрғылау, қопару, т.б.) жүргізіліп жатады. Карьерде кен қазу жұмыстары мына тәртіп бойынша орындалады. Блокта бұрғылау станоктарымен тереңд. 50 м-ге жететін 5 – 10 м-лік ара қашықтықта диаметрі 200 – 400 мм болатын ұңғымалар қазылады да, олар жарғыш затпен толтырылып, блок түгелімен атылып қопарылады. Ұсақталған кенді экскаватор көлікке тиеп фабрикаға жөнелтеді. Шахтадағы қатты кен қазу жұмыстарының тәртібі мынадай: қазып алуға дайындалған блоктағы (камерадағы) кен бұрғыланып, жарғыш зат күшімен ұсатылады да, горизонталь не сәл көлбеу кенді алғанда машиналардың (экскаватордың, күреп алып тасымалдайтын машинаның, скрепердің, бульдозердің, т.б.) көмегімен, ал тік не құлама бағытта орналасқан кен өз салмағымен көлікке жеткізіледі. Одан кейін кен фабрикаға тасылады. Жер астында жұмсақ кен қазу жұмыстары комбайндармен (қазба жасау, көмір шабу, т.б.) орындалады. Қарағанды шахталарында комбайнмен кен қазуда бірнеше рет дүние жүзілік рекордтар жасалды. Кен ашу жұмыстары – кенді қазу мақсатында жер бетінен кен қабатына дейін не оның бір бөлігіне жету үшін және кен алынатын үңгубеттерге дейін күрделі және дайындық қазбаларын жүргізу. Кен ашу жұмыстарының негізгі мақсаты мыналар: пайдалы кен қазылған орындар мен жер бетіндегі қабылдау пункттері арасында көліктік байланыс орнату, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыс орындарына таза ауа беру. Кен қазу әдістеріне орай Кен ашу жұмыстары екі түрге бөлінеді: 1) кенді ашық әдіспен қазғанда, жер үстіндегі өндірістік құрылыстар мен карьер ішіндегі үңгубет арасына қатынас жасайтын траншея жүргізу және кенді басып жатқан бос жыныстарды карьерден тыс орындарға үю. Карьер әрқайсысының қалыңдығы 10 – 20 м қабаттармен қазылады. Кен, негізінен, карьердің астыңғы қабаттарынан алынады. Сондықтан үстіңгі қабаттар үздіксіз кеңейтіліп кен ашылып отырады. Әр қабатта тау жыныстарын бұзу, экскаватормен көлікке тиеу және оны төгу сияқты жұмыстар орындалады. Ең басты траншеялар қабаттардың бәрін өзара байланыстырады да, олардан алынған жыныстарды жер үстіне тасымалдауға мүмкіндік жасайды. Траншеялар сыртқы және ішкі деп екіге ажыратылады. Сыртқы траншеялар карьер алабынан тыс салынғанымен жұмыс орындарымен байланысты болады. Карьердегі жұмыс толық аяқталғанша, бұл траншеялар кен қазу орындарының орын ауыстыруына сәйкес жылжытылып отырады; 2) жер асты тау-кен өндірісіндегі Кен ашу жұмыстары кенге жету, жұмыс орнын жер үстімен байланыстыру сияқты күрделі қазбалар жасаудан тұрады. Осы күрделі қазбалар негізгі және көмекші деп екіге ажыратылады. Негізгі қазбалар: жер бетіне тікелей шығатын тік және көлбеу шахта оқпандары мен штольня; көмекші қазбалар: квершлаг, бремсберг, т.б. Кенді ашық әдіспен қазу жүйесі – карьерлердің өндірістік қуатына сәйкес кен ашу, кен қазу жұмыстарын тиімді әрі қауіпсіз тәсілдермен жүргізу, қазба байлық қорын ысырапсыз пайдалану тәртібі. Ашық карьер әдісімен кен қазғанда ең көп күш қажет ететіні – кен ашу жұмысы. Жер астындағы кен қазу жүйесі – тереңде жатқан кендерді олардың орналасуына, беріктігіне, т.б. ерекшеліктеріне қарай өнімді тәсілмен қазудың белгілі тәртібі. Жерден қазылып алынатын кендер: кентас, көмір, әр түрлі тұздар, т.б. Кентас әр түрлі металл және металл емес минералдардан құралады. Қазақстан жерінде түсті металл (қорғасын, мыс, алтын, мырыш, т.б.) кентастары өте көп кездеседі. Кен қазу жүйелері камералық, магазинделген, тығындамалы, бекітпелі, құлатпалы және аралас жүйелер деп бірнешеге бөлінеді.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.